Мүмкіндігі шектеулі жандар күні

Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қастынасымен айқындалады. Оның ішінде біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамнан тыс қалған емес. Олардың барлығына бірдей көзқарас танытуымыз қажет. Өйткені тағдырдың маңдайға жазғаны сол болса одан ешкім қашып құтыла алмайды. Осы орайда қазан айының екінші жексенбісі мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай бүгін аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудан орталығында тұрып жатқан бірқатар мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне арнайы бас сұғып, хал-жағдайларын сұрады. Аудан басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Тыныштыбай Шалабаев, Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Иманғалиев бастаған топ алдымен ауданға қолөнер шеберлігімен танылған Гүлсім Елекбаеваның үйіне одан кейін Самат Қаумешов, Сырым Өгізбаев сынды тағдырдың сынына мойымай келе жатқан ағалардың үйіне барып, емен-жарқын әңгімелесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады. Әр кездесу кезінде аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы «Сіздер ешқашан қоғамнан ажырамай, әрдайым жанымызда ақыл-кеңестеріңізді айтып, осылай қолдау білдіріп отырғандарыңыздың өзі біздің ел үшін қызмет етуге деген күш-жігерімізді қамшылай түседі», - деді. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандар хал-жағдайларын үйлеріне арнайы сұрай келген аудан әкімі мен оның жанындағы ел үшін тынбай қызмет етіп жатқан азаматтарға шексіз алғыстарын айтып, ақжарма тілектерін жеткізді.