Құрметті Ойыл ауданының тұрғындары!

Баршаңызды еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан астам уақыты – тарихи өлшеммен салыстырғанда аз ғана уақыт болып саналғанмен, қазақ елі шежіресінің алтын жылнамасы маңызды оқиғалар мен жетістіктерге толы болды.
Осыдан 28 жыл бұрын Кеңес Одағы ыдырап, халық әрі-сәрі күй кешкен өтпелі шақта, Қазақстанды аяғына тік тұрғызып, әлемдік қауымдастықтан өз орнын алатын мемлекет ете алатын Тұлға керек болды. “Ұлылар – екі дәуір алмасқанда туады” дегендей, сонау жауапты шешуші кезеңде ел аманатын арқалаған Елбасының рөлі тарихта мәңгі қалары анық!
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінде бітпестей болып көрінген әлеуметтік-экономикалық проблемалар өте көп еді.
Жас мемлекет ретінде танылған еліміз – алдына стратегиялық жоспарларды басты бағдар етіп, саяси тұрақтылықты сақтай отыра, қалыптасудың барлық қиындықтарын жеңіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың әрі қарай жоғары қарқында өсуіне қол жеткізді.
Осылайша, бұрын бізге күмәнмен қараған елдер бүгінде бізді тең санап, толыққанды мемлекет ретінде мойындауда.
Бұл – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі екендігін жақсы білеміз.
Тәуелсіздік экономикаға да, ғылым мен білім, мәдениет пен өнер, спорт пен денсаулық саласына да, тіпті, әр адамның жеке өміріне түбегейлі өзгерістер әкелді.
Халықаралық саясат пен әлемдік өркениетте Қазақстан өзінің лайықты орнын иеленді.
Ең бастысы, халықтың рухы көтеріліп, мемлекетіміздің мерейі асты, кемел келешекке деген кәміл сенім ұялады.
Елбасының «Тәуелсіздікке қол жеткізу қиын, ал оны сақтап қалу одан да қиын деген» сөзі бар. Сондықтан тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы ету – әрбір азаматтың борышы.
Қымбатты ойылдықтар!
Баршаңызды қасиетті мерекемізбен құттықтаймын! Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, бақыт, береке тілеймін.Тәуелсіздік толғауы ұрпақтың жадында жаңғырып, Тәуелсіздік рухы әрбір азаматтың жүрегінде тербелсін!
Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Мереке құтты болсын ағайын!
Құрметпен, Ойыл ауданының әкімі А.Қазыбаев