Ұлттар достығын ту еткен балалар фестивалі

Мамыр айы жақындаған сайын бала күнімізден көзге ыстық көңілге жақын көрініс «Мир, труд, май» деп тақтайға жазылған ұрандарды қолымызға ұстап, бүкіл ауыл болып парадқа шығатын күніміз еске түседі. Еңбекшілер күнінің мәртебесін көтеретін осы мереке, кейін Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып белгіленді. Қазақстан-ұлттар мен ұлыстардың өзара татулықпен ұйысқан үлкен мемлекетіне айналып отыр. Тағдырдың сан тарау жолдарымен осы жерге жиналған ұлттар, біздің елімізді тарихи Отанына балайды. Балаларға арналған шараларадан тыс қалмауға тырысатын балалар кітапханасының кітапханашылары, аудан орталығындағы мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосып жүрген «Жолшы» бөбекжай- бақшасына атаулы күнге арналған шараның шашбауын көтеріссек деген ниетте асыға жеттік. Балабақшаның ауласы мерекеге сай қызылды-жасылды жалаушалары мен шарлармен безендіріліп, алыстан өзіне тартып, менмұндалап тұрғандай. Фестиваль ата-аналар мен балалардың ұлттар киімін киген шеруімен басталды. Тілегі бір, Жүрегі бір. Достармен біз біргеміз. Туыс барда құрыштан, Берік біздің іргеміз - деген жүргізушінің жалынды сөзінен кейін, ата-аналар мен балалар ұлттар өнерін ортаға салудан бір сайысқа түскендей жарыса жөнелді. А.Ұлықпанова, Ж.Бойшекенова, Ж.Сәндібайдың «Украйн халқының ұлттық биі» мен орыс халқының «Калинасын» тамаша орындаған Ұ.Жұмашева, М.Мұхамедиярова, Г.Төлегенова, В.Кадироваларға басқалардың да елітіп кеткенін өздері де байқамай қап жатты. Шырқ көбелек айналған тау халқының «Лезгинкасын» Ұ.Мұқашева мен Б.Мұқаштар орындаса, тамылжыған сазды әуендегі түрік халқының ұлттық өнерін Г.Бисембина, А.Тәжібаева, А.Ораловалар өте тартымды орындады. Ал Д.Нурманованың ортаға салған өзбек биі де көргенді тамсантса, М.Ғұспанқызы мен Г.Байдуашовалардың орындауындағы сыған қыздарының биі де көпшілікті тәнті етті. Бұдан әрі алыстан көздің жауын алған «Достық дастарханынан» дәм татуға ұласып, өзбек палауын, украйн бәлішін, орыс борщын, қазақ қуырдағын, түріктер пахлавасын ұсынып дәм татқан қонақтар мәре-сәре болды. Қашанда ұйымдастыра білгеннің ұтатыны анық. Осы орайда балабақшаның музыка жетекшісі Г.Базарова, «Еркетай» тобының тәрбиешілері Б.Ұлықпанова мен В.Кадировалардың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Осылайша ұлттар достығын ту еткен фестиваль өте тамаша көңілді өтуімен жанымызды жадыратты. Г.ҚАПЛИЕВА, Балалар кітапханасының аға кітапханашысы.