«Қазақ сөзінің құдіретін танытқан»

Жерге түскен қасиетті төрт кітаптың бірі «Ең әуелі сөз болған, ол сөз - Құдай еді!» - деп басталады. Ал, сөзді жеткізетін құрал тіл! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі мақсаты - ұлттық құндылықтарды қастерлеу. Мақаланың атауы айтып тұрғандай, рухани жаңғыруды жүзеге асырудың тірегі – тіл екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, тіл терең қазына... Қазақ тілінің қазынасын зерттеген ғалымдар көп. Солардың бірі Қазақ елінің тіл ғылымы мен мәдениетін халықаралық деңгейде танытқан, түркітануға елеулі үлес қосып, өзіндік мектеп қалыптастырған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген көрнекті ғылым қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Рәбиға Сыздықова. Биыл туғанына 95 жыл толып отырған апамыздың мерейтойы өткен аптада өзінің кіндік қаны тамған жері – Ойылда басталды. Игі шараға мұрындық болған болған Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі. «Қазақ сөзінің құдіретін танытқан» атты танымдық-тағылымдық мерейтойлық мәдени-шараға негізінен тіл жанашырлары мен апамыздың туысы Қуаныш Әміров және мектеп оқушылары қатысты. Алдымен аудандық мәдениет үйінің сахнасында орналытылған үлкен экраннан апамыз туралы бейнебаян мен әр кездердегі сұхбаттары көрсетілсе, мерейтойлық кешті жүргізген музей директоры Балқия Рысбаева ғалымның өмірбаянына шолу жасады. Профессор Рәбиға Сыздықтың жан-жақты және ауқымы мол ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі арқауы - қазақ тілінің, түркітану ғылымының өзекті мәселелері. Әсіресе, солардың ішінде ғалымның ұзақ жылдар бойы үзбей қалам тартып, жете зерттеген саласы – қазақ әдеби тіл тарихының мәселелері.Әрине, әдеби тілді, оның тарихын зерттеуде бұл нысанды түрлі қырынан қарастыруға болады. Қазақ тіл білімінде әдеби тілдің тарихы жекелеген әдеби үлгілерді зерттеуден, олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктерін ашудан басталған. Бұл бір жағынан, қаламгер сол үлгіні жасаушы қаламгердің тілін зерттеу болса, екінші жағынан, қаламгер өмір сүрген сол кезеңдегі, дәуірдегі әдеби тілдің өзін де зерттеу. Бұл туралы Ойыл қазақ орта мектебі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Зина Бақытжанова тұшымды баяндады. Ал, ғалым құрметіне арналған ақын Е.Ашықбаевтың «Тіл құсы» өлеңін Ойыл қазақ орта мектебінің 6 сынып оқушысы Оксана Нұрлыбаева нақышына келтіріп оқыса, «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Бекмұхамбетова атындағы Ойыл мектеп-гимназияның тіл маманы Азамат Мұсаевтың Абай өлеңдерінің қарапайым адамдардың аса мән бермейтін тұстарына түсінікті талдау жасауы Рәбиға апамыздың туған жеріндегі тіл біліміне құмар жастардың өсіп келе жатқанын көрсетті. Біздің бұл ойымызды «Рәбиға Сыздық – тұңғыш Жұбановтанушы», «Академик Рәбиға Сыздық және қазақ емлесінің кейбір мәселелері» тақырыптарында баяндама жасаған Ш.Бекмұхамбетова атындағы Ойыл мектеп-гимназиясының қазақ тілі мұғалімдері Айдана Аманжолова мен Нұрсәуле Жұмабековалар дәлелдей түсті. Ал, «Ясауи хикметтерінің тілін» талдаған Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Анар Нұғыманованың баяндамасы ғылыми еңбектерден кем соқпайды. Ана тілінің абызы атанған апамызға арналған шара соңында қонақтар сөз алса, жас толқын ақындар өз жырларын оқыса, ұйымдастырушылар аудандағы тіл жанашырларына алғыс хатымен қоса ғалымның суретін естелікке ұсынды. Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ, Ойыл селосы.