КИЕЛІ КӨКЖАР ЖЕРІНДЕГІ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Ауданымызда кешеден бері Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесіне орай көптеген мәдени-көпшілік шаралар өтуде. Осы орайда бүгін аудан орталығындағы білім беру мекемелері, атап айтсақ Ойыл қазақ орта мектебі, Ж. Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебі, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы және Жолшы, Балдырған, Асанәлі балабақшалары мен "Тәуелсіздіктің 20 жылдығы" атындағы мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастырумен әр мекемеге белгіленген орындарда көше тұрғындарының қолдауымен Наурыз мерекесі тойланды. Ұйымдастырылған шараларға аудан басшысы Дастан Жарылқасынұлы қатынасып, барша жұртшылықты көктемнің керемет мерекесімен құттықтады және Наурыз - ежелден жаңа мен жақсының, мейірім мен шапағаттың, әдеп пен имандылықтың бастауы екенін айтты. Наурыз тойында ауыл тұрғындары бір-бірімен көрісіп, жүрек жарды тілектерін жеткізуімен қатар, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуі болды. Наурыз тойы алаңында құрылған киіз үйде ұлттық тағамдардан мерекелік дастархан жайылып, жұртшылыққа дәм ұсынылып, мерекелік концерттік бағдарлама мен ұлттық ойындардан сайыстар өтті.