«Жан серігім - домбыра!»

«Көкжар» жәрмеңкесінің 150 жылдық торқалы тойы басталар күні таңертеңнен Көкжар көгін торлаған ақша бұлттар нөсерін төкпей, нұрын сепкендей әсер қалдырды. Өйткені түстен кейін шайдай ашылған көк аспан күн нұрына малынып, самалын соғып тұрды. Ал, аудан жұртшылығы күн жиекке құламай басталған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес ҚР мәдениет және спорт министрлігі, Ақтөбе облысы әкімдігі, Ақтөбе облысық, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филормониясының ұйымдастыруымен Ақтөбе облысының 85 жылдығы, Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы, КСРО халық әртісі Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Жан серігім - домбыра» атты дәстүрлі әнші-жыршылардың аймақтық байқауын тамашалады. Байқауға Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облысының кәсіби әнші-жыршыларымен бірге әуесқой халық орындаушылары да қатысты. Аталмыш байқауға қатысушылар Ақтөбе облысының ақын-жырауларры Әбубәкір Кердері, Ақтан Керейұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, Батақтың Сарысы, Наурызбек, Молдабай, Шернияз сал, Нұрпейіс Байғанин шығармаларынан және Н.Байғаниннің «Нарқыз», Асау Барақ дастанынан, Қобыланды Батыр, Алпамыс батыр, Едіге батырлардың дастандарынан үзінділер орындады. Байқауға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы, әнші Сәуле Жанпейсова, мәдениет саласының ардагері, «Мәдениет майталманы» Хайдар Өтеғалиев, дәстүрлі әнші, термеші Айгүл Елшібаева, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева төрелік етті. Бес сағатқа созылған жыршылардың өнеріне аудан жұртшылығы мен аудан қонақтары жан-жақтан қиқу сап қолдау көрсетті. «Алтыбақан жанында» Кешкілік ауыл-ауыл болып ағаш үйлер тігілген сай астында жастарымыз алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойнады. Бұл аймақ қараңғы түсе жар түбінде жаңа қала орналасқандай күй кештірді. Жан-жақтан жиылған өнерпаздар әр шырқап, жыр төкті. Домбыра шанағынан шыққан шуақты жырлар шабытымызды шарықтатты. Арқамызды қоздырып, етжүрегімізді елжіретті. Мұндай жиналған адамдардың қарасы көп болды. Қалғыған қара аспанға жалтұлдаған жарық сәулесін шашып, әуелеген әсем айналаны жаңғыртты. Жартасқа жан бітіп, өзен селт еткендей сезімде қалдық.