Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдық мерекесіне орай өңірлік ғылыми-практикалық конференция өтті

Көпшілік асыға күткен Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдық мерекесі де келіп жетті. Ертемен ат басын ауданымызға қарай бұрған қонақтар Ойылдың жұмсақ табиғатына тап болды. Бұрын шаңына көміліп кететін меймандар көліктерінен түсе сала түнімен бұлттанып, таңертең жауған жаңбырдың тап -таза ауасын рахаттана жұтып жатты. Бірнеше ай көктен тамшы тамбай, көкала шаңның астында қалармыз-ау деп қонақ күткен ойылдықтардың да көңілі көтеріліп, бұны Алланың нұрына балады. Мерекенің басы мәдениет үйіндегі жиыннан басталды. «Қазақстан сауда тарихында Көкжар жәрмеңкесінің алатын орны, саяси жағрапиялық және стратегиялық маңызы» атты өңірлік ғылыми-практикалық конференциясы болды. Оған облыс, республика көлеміне белгілі тарихшылар, жергілікті өлкентанушылар қатысты. Айналып келгенде барлығы да Көкжар жәрмеңкесінің кереметтігін айтып, өздерінің зерттеулерін жұртшылыққа ұсынды. Жиынның мақсаты да тарихи құндылықтарымызды кеңірек насихаттау. Онда тарихшылар жәрмеңкедегі барлық оқиғаларды тізбелеп, деректер мен дәйектерді дәлелді түрде жеткізді. Жәрмеңкеде аты шыққан тұлғалардың аты аталып, өмірлері мен өнерлері туралы баяндалды. Әсіресе Қызыл Тұрдалыұлының көп білмейтін келбеттері ашылып, айтылды. Осындай маңызды конференция қортындылай келе бірауыздан туған жердің тарихын ұлықтап, өнерін жаңғырту туралы ұсыныстар қабылданды. Мерекенің мерейлі сәтінде аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева Ойылдан шыққан біртуар азамат, қаламгер Сырым Бақтыгереевке «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атағын тапсырды. Осы кезде мінбеге көтерілген еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы Сырым Бақтыгереевтің Ойылдың жанашыр жандарының бірі екенін, оның еңбегін бағалаған аудан басшылығына ризашылығын айтты. Қайда да ауданның абыройы үшін өзінің де тыс қалмайтынын көрсетті. Ойылдықтардың атынан өз қаражатына құрметті азаматқа құрмет көрсетіп, ат мінгізді. Ал, ауданның әрбір шарасына жанкүйер болып жүретін ардагер журналист Арыстан Аймағамбетов жерлестеріне жылы лебізін білдіріп, аудан әкімі Бұлбұл Бисембайқызына өзінің кітабын естелік сыйлық ретіне тарту етті. Аудан басшысы мерейтойға арнайы келген мерейлі меймандарға шапан жауып құрмет көрсетті. Түстен кейін мерекеге жиналғандар жергілікті жазушы Табыл Құлиястың «Мұхит» қойылымын тамашалады.