«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІ».

«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІ».
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІ» ЭТНОФЕСТИВАЛІ УАҚЫТТЫ КЕРІ АЙНАЛДЫРЫП, ОЙЫЛҒА ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ҒАСЫРДЫ ОРАЛТҚАНДАЙ БОЛДЫ. ОБЛЫС ӘКІМДІГІ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТУРИЗМ, СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАЛАРЫ, АУДАН ӘКІМДІГІ ЖҰМЫЛА КӨТЕРІП ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ШАРА ЕКІ КҮН БОЙЫ ОЙЫЛДЫ ӘН МЕН КҮЙГЕ БӨЛЕДІ. ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ, СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖАЛҒАС БАЛҒОЖИННІҢ АЙТУЫНША, БОЛАШАҚТА БҰЛ ФЕСТИВАЛЬ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУІ КЕРЕК.
Аудан халқы мен қонақтарын осы мерекемен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова болашақта Ойыл ауданы туристер мекеніне айналатынын айтады:
- ХІХ ғасырда қазақ даласында аттары дүркіреген Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелерімен қатар тұрған көкжар жәрмеңкесі – тарихи орын. Халқымыздың экономикасы, мәдениеті, дәстүрлі өнердің озық түрлері осындай жәрмеңкелерден бастау алып, кең таралғаны белгілі. Көкжар жәрмеңкесін халық санасында жаңғырту мақсатынгда ұйымдастырылып отырған бүгінгі шараға барлық аудандары белсене қатысып, халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртуға атсалысуда. Сондықтан ата – бабамыздан келе жатырған дәстүрлі өнердің озық үлгілерін насихаттайтын мұндай фестивальдің орны бөлек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында қуатты Қазақстан дегеніміз алдымен өңірлердің дамуы деп баса айтты. Осы орайда киелі Көкжар жәрмеңкесінің Ойыл өңірінің әлеуметтік экономикалық жағдайына оңды ықпал етері сөзсіз. Келешекте Ойыл ауданы туристер мекеніне айналмақ. Бұл жаққа бірі Сүлеймен атаның рухына тәу етуге келсе, екіншісі тарихи ескерткіштерді тамашалайды. Сондықтан туған өлкемізді кеңейту – сіз бен біздің қасиетті борышымыз, - деді ол.
Этнофестиваль барысында түрлі мәдени, спорттық шаралар, көрмелер ұйымдастырылды. Театрландырылған керуен шеруі, «Ұлы дала сарыны» атты дәстүрлі музыка өнерінің республикалық фестивалі өтті.
Тарих ғылымдарының кандидаты Беркін Құрманбековтің «Ойыл жәрмеңкесі» атты еңбегіндегі деректерге сүйенсек, Көкжар жәрмеңкесі туралы негізгі ережелер 1866 жылдың 7 қыркүйегінде Ресей істер министрлігінде бекітілген. Ол ресми түрде 1867 жылы көктемде Орал облысының Қазбек болысында ашылған. Екі жылдан кейін Қазбекте ашылған жәрмеңкесі «орыс көпестерінің қауісіздігін, емін – еркін қозғалысын және товарларының тезірек әрі толық сатылуын» қамтамасыз етуге қолайлы орын ретінде Ойыл бекінісінің жанына Барқын шатқалына көшірілген. Жаңа орындағы алғашқы, 1869 жылғы күзгі жәрмеңке өте табысты өткен.
«Тауар айналымының өсуіне байланысты Ойыл жәрмеңкесінің сауда алаңына 18 тас корпус салынып, олардың әрқайсысында 9 лавка орналастырылды. Ойыл жәрмеңкесі қарама – қарсы орналасқан ұзындығы 400-500 метрге созыла салынған сауда ғимараттарында өткізілетін болған. Осы қатарда екі үлкен сауда корпустары, 30 – дан астам дүкеншелер (ларектар) орналасқан», - деп жазды тарихшы Б. Құрманбеков.
Міне, тұрғызылғанына бір жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де, күйдірілген сапалы кірпіштен өріліп салынған жәрмеңкенің сауда қатарлары әлі күнге дейін сынын бермей тұр. Ал сауда қатарларының қарсысында орналасқан ескі қызыл кірпішті ғимараттар кезінде жәрмеңке комитетінің үйі болған.