Мүлікті жария ету туралы

Мүлікті жария ету туралы.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Ұлттық инвесторлардың отырысында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ыхтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты ракымшылық жасау туралы» Заңы бекітіліп, ол 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне еніп, 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
Жария ету қолда бар мүлікті заңды айналымға енгізуге мүмкіншілік береді. Бұл алдымен жалпыға бірдей декларациялау енгізілуіне байланысты жүргізіліп отырған жұмыстар. Соның арқасында азаматтарға қазір мүлікті жария ету, кейін оны декларацияда көрсету құқығы беріледі.
Жария етуге төмендегілер жатады:
1. Ақша;
2. Бағалы қағаздар;
3. Заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
4. Басқа адамға рәсімделген жылжымайтын мүліктер;
5. Құрылыс нормалары мен қағидаларына, сондай-ақ өздері орналасқан, жария ету субъектісіне меншік құқығында тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетін, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар);
6. Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік.
Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлерде тұрған мүліктің сатып алу құнының немесе бағалау құнының он пайызы мөлшерінде алым мемлекет бюджетіне түседі.
Жария етуге жатпайтындар:
1. Сот тәртiбiмен оған құқықтар дауланып жатқан;
2.Қазақстан Республикасының заңдарында оған құқықтар беруге жол берiлмейтiн мүлік;
3. Кредиттер ретiнде алынған ақша;
4. Мемлекет пайдасына берілуге жататын мүліктер;
5.Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру шеңберінде құрылысы бюджет қаражаты есебінен аяқталған жылжымайтын мүлік объектілеріндегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар;
Заңның 7 бабына сәйкес, мүлiктi жария ету үшін комиссияға мынадай құжаттар:
1. Өтініш;
2. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
3. Осы Заңда көзделген жағдайларда, өзге де құжаттарды тапсыруы арқылы өткiзіледi.
Ақшаны жария етудің ерекшелігі, бұл азаматтар үшін баламалы түрде жария ету құралын таңдай алуы болып табылады.
Біріншіден,ақшаны екінші деңгейдегі банктердің шоттарында үш жыл ішінде ұстауға, сол үшін нарықтық мөлшерлеме бойынша сыйақы алуға болады.
Екіншіден,ақшаны мерзімінен бұрын пайдалану туындаған жағдайда, мелекеттік құнды қағаздарды екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының ұлттық басқарушы холдингтердің және ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының облигацияларын, «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында акцияларды, сонымен қатар Қазақстандық қор биржасында орналастырылған басқа құнды қағаздарды, сатып алу жолымен оларды экономикада инвестициялауға жол ашылады. Үшіншіден, азаматтар жекешелендірудің екінші ағымының аясында нысандарды сатып ала алады. Бұл жерде 2014-2016 жылдардағы кезеңде жеке секторға 791 нысан, соның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 18 нысан шығарылатынын да айта кетуге болады.
Жария етілген ақшалар кіріс болып табылмайды. Сондықтан олардың иелеріне салықтық жүктеме жасалмайды. Яғни, егер ақша жинақ шотынан алынбаса және басқа шотқа аударылмаса, онда оған сәйкес мүлікті жария етуге алым төлеу міндеті туындамайды.
Алайда егер ақшаны жария етіп отырған азамат жоғарыда аталған инвестициялау механизмдерін пайдаланғысы келмесе, онда ол жария етіп отырған ақшаның 10 % көлемінде бюджетке алым төлеп, өз қалауы бойынша жұмсауына құқылы.
Аталған тәсілдердің әрбірі отандық экокномиканы дамытуға және ақшаны жария етіп отырған азаматтардың пайда табуына бағытталған. Сондай-ақ, жария етуді өткізудің табыстылық факторы осы акция барысында алынған мәліметтерді құпияда сақтау болып табылады. Бұндай ақпараттың құпиялылығы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес кепілдендірілетін болады.