Спорт

Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тарихы және қазіргі таңдағы жетістіктері
1950 жылдары В. А. Рудаев Ойыл селосында дене шынықтыру пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Осы жылдары жеңіл атлетика, волейбол, ауыр атлетика, қысқы спорт түрлері мектептік деңгейде дами бастады. Жеңіл атлетикадан Кузьменко Николай (100 метр, биіктікке секіру) Тулеева Райса (100, 200 м) облыс чемпиондары атанды.
1970 жылы «Қайрат» ерікті спорттық қоғам құрылымын, Қосжанов Амантай Сауенович басқарды.
1972 - 1981 жылдары қоғамды Бекетаев Болат Мұқайұлы басқарып, Ойыл спортшылары волейболдан 1972 - 1981 ж.ж. арасында 10 дүркін облыс чемпиондары атанды. 1975 ж. Шымкентте өткен Қазақстан ауыл спортшылары спартакиадасында волейболдан жеңімпаз атанып, Кишиневтағы Бүкіл Одақтың спартакиадасында ІІІ жүлделі орынға қол жеткізді. Б. Бекетаев, П. Пономорев, С. Ларин, Б. Бакиев сынды жерлестеріміз бастаған жолды Ө. Қабекешов, Ж. Ахметов, Қ. Жаңабаев, А. Өтебаев, Ә. Каримов, М. Сұлтанов сияқты ағаларымыз жалғастырса, соңғы буын Н. Мұқашев, А. Гильматдинов, Н. Мұқашев, С. Сапаров бүгінгі таңда волейбол ойынының өрнегін өруде.
А. Қосжанов ағамыздың ұйытқы болуымен ауыр атлетика спорты жүргізіліп Кәдіржан, Бақытжан Изгариндер, Қ. Бақтарбаев, Ж. Әбдірешовтер облыс чемпиондары атанды.
1970 ж. Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, Әділ Жұмағазин алғашқы директор болды.
1971 - 1979 жылдары Есниязов Ерболат ағамыз тәрбиеленуінен еркін және қазақша күрес шеберлері сап түзеді: Қ. Дәулетқалиев, Қ. Жоламанов, Т. Есіркепов, А. Имахановтар облыс чемпиондары атанса, Е. Қожаниязов, Ш. Садуақасов, Қ. Кереевтер республика чемпионатына қатысты.
1980 - 86 жылдары күрес өнерін үйретуді Ж. Нұршин, Селбаевтар жалғастырса, 1986 - 2003 жылдары Қ. Дәулетқалиев, Ә. Әжниязовтар жаттықтырушы дәстүрін жоғалтпады. Ә. Әжіғалиев, Н. Төлебаев секілді еркін күрестен облыс чемпиондарын даярлады.
Аға буынның салған даңғыл жолына қысқаша шолу жасасақ, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, хоккей сияқты спорт түрлерін әкелген В. А. Рудаев, еркін күрестен, дзюдодан КСРО спорт шебері Н. А. Егоров, самбо және қазақша күрестен КСРО спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Ш. Тұрғалиев, КСРО спорт шеберлері Қ. Бақтығалиев, С. Таңатаров, Р. Тойлыбаев, Ж. Аманғалиева, еркін күрестен А. Нұрлепесов, бокс спортынан ағайынды Шыңбаевтар, Қуатовтар, Р. Карабалиев, ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері Қ. Изгарин, А. Қосжанов, тоғызқұмалақшылар Қ. Нұршин, Ж. Сисенғалиева, волейбол спортынан республика жеңімпаздары П. Пономарев, А. Өтебаев, Б. Бакиев, З. Қосжанова, үстел теннис спортынан Т. Ғаббасов, Н. Красавин, Қ. Майланов т.б. есімдерін мақтанышпен атауға болады.
Өз дайындық залы болмауы қашанда жұмыстың нәтижелі болуына кедергі болады. Осы жағдайды дұрыс түсінген аудан әкімі Қ. Әлімовтың ұйытқы болуымен күрделі жөндеуді қажет ететін бұрынғы автобазаның корпусы 2003ж. жеке кәсіпкерлерден алынып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне берілді. Осы ғимаратты жөндеуге аудан азаматтары бір кісідей жұмылып еңбек етті. Соның нәтижесінде қираған ғимараттың бұрынғы кеңсесіне жөндеу жүргізіліп, спортшылардың жаттығуларына мүмкіндік туды. Бұл берекелі іске Ойыл өңірінен шыққан азаматтар қазіргі Ақтөбе қаласында және көршілес аудандарда еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен бизнесмендер өздерінің туған жеріндегі жастардың спортпен шұғылдануларына үлкен көмектерін берді, оны осы кезде де жалғастырып келеді.
2005 жылы қирап тұрған ғимаратты қолға алып, кәсіпкер жігіттердің басын қосып, ісін жақсы жүргізіп, жаңа жас ұжым құра білген және облыс, республика көлемінде тығыз спорттық қарым - қатынас орнатып оқушылардың дайындық жасауларына барлық мүмкіндік жасаған Нұрлепесов Аманқостың еңбегін атауға болады.
Осындай игі істерге қолдау көрсеткен азаматтардың есімдерін атаған абзал. Олар „Анвар” ЖШС төрағасы Т. Салпыков 1 млн, „Дина” ЖШС төрағасы А. Қабиев 230 мың теңге көмек көрсетсе, полиция полковнигі, палуан Шотанов Елемес, Мұхтар Бақтыгереевтерде ақшалай көмек берді. Шериязданов Асқар және „Ойыл ынталы тобы” мүшелері де моральдық-құқықтық қолдау көрсетіп, халық игілігі үшін қолдарынан келгенін аямауда. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қалыптасуына ауданның мекемелері мен ұжымдары ғимараттың жөндеу жұмыстарына көмектесіп келеді.
Спорт мектебінде алғашқыда 6 адам жұмыс жасаса, қазіргі ұжымдағы жұмысшы-қызметкерлер саны 30-ға жетті. Қазірде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 560-қа жуық жасөспірімдер тәрбиеленіп, жаттығуда. Олар еркін күрес, үстел теннисі, волейбол, тоғызқұмалақ т.б. секцияларға қатынасып, спорттық тәжірибелер жинақтауда.
Ауданда Көсембай, Қараой, Көптоғай, Қаратал, Сарбие, Саға, Саралжын, елді - мекендерінде спорт мектебі бөлімдері жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Соңғы 4-5 жылдан бері жекелеген жасөспірім спортшылардың шыңдалуы, спорт мектебінің өз жұмысын жоспарлы жүргізуі, оқушыларды, спорт сүйер қауымды көптеп үйірмелерге тартуы қуантарлық жағдай. Мектеп оқушыларының салауатты өмір салтына бейімделуіне деген ықыласы жігерлі қалыптасып келеді. Осы мәселелерге мектептің баса көңіл бөлетіндігі іс жүзінде байқалуда. Спорт мектебінің оқушылары аудандық жарыстарда шыңдалып, арнайы дайындықтан өтіп, облыстық, қалааралық, республикалық біріншіліктерде көзге түсіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Біздің спортшылар арасында 2 спорт шебері, бірнеше спорт шеберлігіне үміткер, бірінші, екінші дәрежелі спортшы жастарымыз ауданымыздың намысын қорғап келеді. Атап айтар болсақ еркін күрестен ҚР Ұлттық құрама командасының мүшелері, спорт шебері Р. Көксегенов, А. Нұрадилов, спорт шеберлігіне үміткер Қ. Гапуов, М. Есбосынов, Н. Демеуов, А. Абуова, Б. Құрметжанова республикалық және қалааралық жарыстардың жеңімпаздары Д.Олғасыров, А. Шотанов, Т. Ақтанов, А. Кенбаев, Е. Шаутенов, Т. Қошымов, Д. Аманғосов, А. Ажниязов, А. Жасақова, Ү. Қабдуахитова,М. Мұқатаев, Н. Махатов, М. Әжігерейқызы, Е. Абуов Н. Нұрмағамбетова волейболдан А. Хамитов, Т. Тынысқалиев, Қ. Қазиев, Ы. Жақсылықов, Ә. Жұмабаев, Н. Дәулетқалиев, М. Әділханов, М. Әділхайыров, Т. БерікқалиевА. Қабекешовтер оқушылар арасындағы облыстық спартакиадада үш жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Үстел теннисінен А. Рахимова, Н. Кульмаметова, Ә. Аманғосов, тоғызқұмалақтан А. Есекен т.б. биіктен көрінуде. Осындай алғашқы спорт мектебінің саңлақтарының көрсеткіштері ашылғанына аз уақыт болса да аудан мектептеріне үлгі боларлықтай дәрежеде. Қазіргі таңда Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аманқос Нұрлепесовтің басқаруымен спорт мектебі ұжымында ізденістермен үлкен үміт күттіретін жаттықтырушылар Р.Кульмаметова, Қ.Ермағанбетов, Т. Жауынбаев, Н. Байдуллин, М. Есбосынов, А. Құлмурзин, Р. Құрманғазин үлкен жігермен еңбек етуде.
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты 30 пайызға жеткізу мақсатында жұмыс жасалуда